"Білімді ұрпақ-тәуелсіздігіміздің тірегі" атты эссе
Тәуелсіздік – ең қымбат қазынамыз
Біз бәріміз бір атаның - қазақ халқының ұлымыз.Бәріміздің де туған жеріміз біреу: ол – қасиетті қазақ даласы.Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар: ол – тәуелсіз Қазақстан.
Н.Ә.Назарбаев
Тәуелсіздік – бабалар аңсауы, ұрпақтың қолы жеткен киелі жердің тамырында жатқан құдіретті, қасиетті ұғым.Міне, Биыл 2021 жыл Қазақ елі тәңірі берген тәуелсіздігінің, арайлы атқан азаттығының отызыншы жылына қадам басты,яғни, 30 жыл толмақ. Мен 5-сынып оқушысы өз атамекенім, егемен елім Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жемісі жайында сөз қозғамақпын.1991 жылы 16 желтоқсан еліміз өз дербестігін ,егемендігін алған кезде бүкіл қазақ елі бөркін аспанға лақтыра қуанды. Алаш ұлының армандаған, аңсаған күні жеткен болатын. Иә, бұл күн- тарихи әділет салтанат құрып,азаттық үшін төгілген өлшеусіз қанның өтеуі қайтқан ұмытылмас күн еді. Арман болған күнге жету үшін талай қазақ қайсар батырларының,ұлт зиялыларының,сайыпқыран саңлақ ұлдарының ғазиз бастары бәйгеге тігіліп,ғұмыры құрбан болып еді. Міне, сол арман,тілек орындалған тәуелсіздік кезеңді бастан өткізіп, еркін әрі бақытты ғұмыр сүріп жатырмыз. 30 жылда еткен еңбек, жеткен жетістік жетерлік. Осы күнге дейін еліміз қаншама биік белестерден ,асулардан асты.Қазақстан - бүгінде Еуразия жүрегінде ораласқан тату-тәтті өмір кешіп жатқан бейбіт мемлекет.Айналасындағы дамыған алпауыт елдермен терезесі теңеліп, татулық пен бірлікті ту еткен халықпыз. «Тәуелсіздіктің тар жол,тайғақ кешуінен, беттен қағар желінің есуінен тайсалмауға тиіспіз.» деп Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқандай, тәуелсіздік жылдарда халықтың басынан өткізген ауыртпалықтары да болды.Дегенмен тәуелсіздіктің әрбір таңы халыққа үміт сыйлап, келер күнге сенім берді.Аяққа тұру жолында жас мемлекет қажырлы еңбек етті. Қазақ елінің тарихы, егемендік жылдарында жеткен жетістіктер, әрине,сөз жоқ тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев есімімен тығыз байланысты еді.Нұрсұлтан атамыздың сындарлы саясаты мен кемеңгерлігінің арқасында көпұлтты халық Отанымызда бірлік-ынтымақта өмір сүріп келеді.
Тәуелсіздік – ең басты игілігіміз, баға жетпес құндылығымыз. Тәуелсіздігімізді айғақтайтын ,елдігімізді білдіретін Елтаңба,Ту,Әнұранымыз, төл теңгеміз, Ата заңымыз,мемлекеттік тіліміз қазақ тілі, шекарасы бекітілген географиялық картамыз бар.Мәдениет, спорт, білім, өнер, ғылым ,денсаулық салалары айрықша дамып келеді.Осы орайда ойшылдардың орамды ойларынан дәлел келтірер болсам: «Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек.Әрбір азамат Қазақстанның туын, Елтаңбасын,Әнұранын тұмардай қасиет тұту қажет.Елдігіміздің сыналатын бір тұсы осы.» деп еліміздің тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаев атамыз айтқандай , басты құндылықтары еліміздің рәміздерін әрбір қазақстандық азамат қастерлей білу керек деп ойлаймын және солай болары хақ.Менің бала жүрегім еліміздің Әнұраны шырқалғанда, көк аспанда желбіреген көк Туымды көргенде жаныма қуат алып, бойымды мақтаныш сезімі кернейді. Байтақ елдің перзенті болғаныма қуанамын.Менің бар арманым тәуелсіз елімнің абыройы асқақ, беделі басым, мерейі үстем болса екен деймін.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Біз тәуелсіздікпен бірге тілімізді түлеттік,дінімізді өркендеттік, тамырымызды жалғап, салт-дәстүрімізді жаңғырттық» демекші, бүгінде дініміз өркендеп, ана тіліміздің мәртебесі өсіп, ұлттық салт-дәстүріміз қайта жаңғырды. Тәуелсіздік таңымен қазақ ұлтының тарихы, мәдениеті, тұтас руханияты түгендене бастады.
Сөзімді қорытындылай келе, қазақ халқының тәуелсіздігі - ең қымбат қазынасы, асқақ арманы мен қайсар рухының жемісі дер едім.Тәуелсіздік - тәңірдің бізге берген бақыты,халқымыздың мәңгілік құндылығы.Біз, жас ұрпақ, осы бақытты бағалап, тұғырын ,тамырын тереңге жаюға өз үлесімізді қосу керекпіз деп ойлаймын. Азаттық үшін, келер ұрпақ қамы үшін шейіт болған ата-баба, ұлы батыр тұлғаларға ақ жүрекпен алғыс білдіріп, тағзым етемін. Халқыма қызмет етер, еліме қорған болар азамат болуды мақсат етемін. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болғай деп тілеймін!
5В сынып оқушысы Суттибай Назерке, Шымкент қаласы, Т.Рысқұлов атындағы №25 мектеп-гимназиясы